Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс ауданының орталығында бүгін қаламызда қалалық ішкі саясат бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты облыстық деңгейде жас ақындар айтысы өтті.Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек айтысты ашып, жас ақындарға ақ жол, сәттілік тіледі. Аталған іс-шараға Ж.Байгуттиева атындағы Өнер мектебінің директоры Ж.Сейітбеков, Арыс қалалық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі З.Досымбекова, ақын- ұстаз Р.Сұлтанәлиева қазылық етті.Айтысқа қатысқан бес жұп, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, белгіленген тақырып аясында бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, көрерменнің көңілінен шықты. Нәтижесінде, бас жүлдені Сайрам ауданының Жандос Мырзабеков қанжығасына байласа, бірінші орынды Созақтық Аян Ниязбек еншіледі, екінші орынды Отырарлық Мейіржан Жақып алса, үшінші орынды Төлеби аудандық Бекарыс Рахматуллаев еншіледі.Арыс қаласы әкімінің арнайы сыйлығын Шымкенттік Жүмәлі Балқаш жеңіп алды, ал Түркістандық Ырыскүл Досжанова «Үздік жас ақын» номинациясымен марапатталды. Айтысқа қатысқан жас ақындардың барлығы да Арыс қаласының әкімі М.Қадырбектің «Алғыс хатымен» марапатталып, түрлі бағалы сыйлықтарға ие болды.