Бүгінде қоғамдық бірлестіктер ұлтаралық татулықты нығайтуда тындырымды тірліктер атқаруда. Бірлік пен біртектілікті нығайту Ұлт жоспарының басым бағыттарының бірі. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында үкіметтік емес ұйымдарының облыстық VII Азаматтық форумы өтті. Азаматтық форумда сөз алған аймақ басшысы бүгінде қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес сектор, белсенді және бастамашыл азаматтарсыз біздің мемлекеттілігіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы мүмкін еместігін тілге тиек етті.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданып, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық деңгейлерде қоғамдық кеңестер құрылған. Осындай ұйымдардың құрамына қоғамның түрлі саласының мүддесін білдіретін бірлестіктердің 80-ге жуық жетекшілері енгізілген. Бұл Ата заңымызда көрсетілген азаматтық қоғамды дамытуға деген мемлекеттің кезекті бір қадамы деуге болады.
Сонымен бірге, өз сөзінде өңір басшысы азаматтық қоғамды дамыту үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, әкім аймақтағы қоғамдық-саяси тұрақтылық пен толеранттылықты тереңдетіп, халықты әлеуметтік қорғау, оның ішінде, әсіресе, қоғамның әлсіз топтарына көмек беру алдыңғы орында тұруы тиістігін құлаққағыс етті. Сонымен қатар, Жансейіт Қансейітұлы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлт аралық қатынаста әдептілікті сақтау қажеттігіне тоқталып, діни экстремизм мен терроризмге бірлесе қарсылық таныту керектігін жеткізді.