«5 институционалдық реформаны өткiзуге арналған «100 нақты қадам»» Ұлт жоспарында бiрiншi орында экономиканың дамуы үшiн жаңа шарттарды құратын, инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша күш салу қажеттігі айтылған. Бүгінде инвестиция тартуда Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар шаруалар атқарылды. Жуырда Белгиядан WILLEMEN Groep NV компаниясының президенті Йохан Виллемені облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдаған болатын. Бельгиялық компания Шымкентте бой көтеретін онкологиялық орталыққа 250 млн еуро инвестиция салмақ. Осы кездесу аясында орталықтың құрылысы жобасын әзірлеу туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Облыстық онкологиялық орталық 350 орынға арналған. Бүгінде науқастардың қатары артуына байланысты аталған аурухана тарлық етеді. Енді алдағы уақытта инвестицияның арқасында аурухананың жаңа корпусы бой көтермек. Заманауи технологиямен жабдықталатын аурухана науқастардың дертін жеңілдетпек. Қазіргі таңда облыстық онкологиялық орталықтың мамандарының шетелдерге барып оқып, білімдерін жетілдіруге көптеп көңіл бөліне бастады. Ауыр дертті емдеу барысындағы соңғы жаңалықтармен танысып, біліктіліктерін арттырып жүр.