
«ҚазТрансОйл» еліміздегі ірі мұнай тасымалдаушы компания екендігі белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы өңірімізде өркендеген кәсіпорындардың бірі. «Шымкент бас мұнай айдау станциясы» болса құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып саналады. Жыл сайын Шымкент зауытында 4500 тонна мұнай айдап алып келінеді. Мұнда мұнай Құмкөл кен орнынан әкелініп жатыр. Ірі кәсіпорын қазына қазанына қомақты қаражат құйып отырған алпауыт өндіріс орны саналады. Көлемі 20 мың текше метрлік қазандықтардың әрқайсысында әрі қарай тұтынушыларға жеткізу үшін мұнай жинақталады. Негізінен ай сайын берілетін жоспар бойынша Шолаққорған станциясынан келетін қазақстандық шикізат Шағыр мұнай құю эстакадасына жеткізіледі. Сол жерде темір жол вагондарына құйылып, тұтынушыларға жөнелтіледі. Мұндағы құрылғылардың барлығы да автоматтандырылған. Бүгінгі күні бас мұнай айдау станциясында 80-нен астам адам жұмыс істейді. Олардың әлеуметтік жағдайы жақсы. Тегін медициналық көмек, әлеуметтік пакет беріледі. Жұмыс киімі де тегін. Азық-түлікпен де қамтамасыз етіледі. Жалақылары да жоғары. Тек табыс тауып қана емес, еңбеккерлеріне де барынша жағдай жасап отыр.