Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды. Жұлдызды 25 күннің бірінші күні — «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деп аталып, Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме кешенінің ашылуымен басталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша оңтүстікқазақстандықтарды Тәуелсіздік тойымен құттықтап, еліміздің жеткен жетістіктері мен Ата Заңның мән-мағынасына тоқталды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы тереңде жатыр. 1991 жылғы 16 — желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік — біздің ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен ірі жеңістерге дәлел болатын мысалдар өте көп. Мәселен, ширек ғасырда Қазақстанда азаматтық қызметкерлердің жалақысы 17,6 есеге өссе, Қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 4,4 жасқа ұлғайды. 25 жыл ішінде Қазақстанда баланың тууына орай төленетін жәрдемақы 7 есе көбейді. Соңғы 17 жылда жұмыссыздық көрсеткіші 2,7 есеге азайды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салихалы саясатының арқасында қол жеткізген белестер», — деді Ж.Түймебаев.