Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жуырда Отырар ауданында жұмыс сапарымен болды. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданда биылдың өзінде атқарылған тындырымды тірлік көп. Жұмысшы топ бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік және туристік нысандарды аралап, жұмысы барысымен танысты. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей облыс әкімінің Отырар өңіріне сапары Темір ауыл округіндегі «Агро-Азия» ЖШС-ның жүгері өңдеу, құрама жем шығару кәсіпорынының іске қосу салтанатымен тұспа-тұс келді. Жүгері шаруашылығы бойынша көшбасшы ауданда мұндай өндіріс орны бұрыннан да қажет-тін. Енді аудан дәл осы шаруашылық бойынша ісін ілгерілететін болады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, бұл кешеннің ашылуы ауданда жүгері кластерін дамытуға негіз болмақ. Себебі, бұрындары дихандар жинаған өнімдерін ұтымды бағаға сата алмай, жауын астында қалып, кептіре алмай, ала жаздай еткен еңбегі зая кететін. Енді шаруаларға өнімдерін ысырапсыз жинап алуына және тиімді бағаға өткізу мүмкіндік туып тұр. Көптеген шаруалардың келесі жылы егіс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік бар», — деді Ж.Қансейітұлы құттықтау сөзінде. Пайдалануға берілген кешеннің жалпы жоба құны 619 млн теңгені құрайды. 5 га жерді алып жатқан кәсіпорында 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сыйымдылығы 10 мың тонналық кешенде болашақта 17 түрлі өнім шығарып, Иран, Қытай елдеріне экспортталатын болады. Жүгері өнімдерін енді теңіз асып, тау асып шеттен тасымайтын боламыз.