
Кентау ҚПБ-не қала көшелерінің бірінде жергілікті тұрғын өзімен бірге 16 калибрлі тегіс бір ұңғымалы аңшы мылтығын заңсыз алып жүргені бойынша хабарлама келіп түседі.
Тәртіп сақшылары аталған қылмыстық жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды заңсыз тасымалдау немесе алып жүру» бойынша бірден тіркеуге алды. Сондай-ақ тексеру жұмыстарының нәтижесінде күдіктіден қару оқ-дәрісімен қоса тәркіленіп алынды. Дәлел ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалған. Тексеру барысында күдікті өзін қорғау мақсатында қаруды алып жүргенін айтты. Осылайша тәртіп сақшылары іс-құжаттарды жинақтап, сотқа жолдады. Кентау қалалық сотының шешімімен күдікті азамат ҚР ҚК-нің 287-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын қолданумен қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.