Жоба өз бастауын Жапониядан алған. Ауылдардағы мүмкіншілікті (ресурстық, табиғи, тарихи, адами) тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын кемінде бір өнімді шығаруға үйретуді, ұйымдастыруды көздейді. Ол үшін қажетті арнайы топ мамандар біліктілік, технологиялар мен стандарттарды ауыл тұрғындарына үйретеді. Жапонияның халықаралық қарым-қатынас агенттігінің мамандары мен «Атамекен» мамандары бірігіп, нақты ауылдардан өнімді шығарудан бастап, сол өнімнің ішкі және сыртқы нарықта саудалануына дейін сүйемелдейді. Жобаға осы жылы тек әйел адамдар қатыса алады, келесі жылдан бастап жоба гендерлік сипатта бөлінбейтін болады. Жобаға қатысу үшін әйел кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы арнайы тапсырыс беру қажет. Негізгі талабы – жергілікті шикізаттан өндірілетін тауар болуы шарт. Келіп түскен өтінімдерді арнайы сарапшы мамандар зерделеп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қосады. Әрі қарай бұл кәсіпкерлермен менторлар, білікті салалық мамандар, технологтар, маркетологтар өнімді өндіріп, сапасын арттырып, тиімді саудаға шығару бойынша жұмыс жасайды. Аталған жоба биыл бастау тапқан «Мен кәсіпкер» атты біліктілкті арттыруға бағытталған бағдарламаның аясында жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама аясында екінші жоба — «Кәсіпке бағыт» жобасы да ұйымдастырылуда. Негізгі мақсаты – салалық оқытуды ұйымдастыру. Салалық оқу Түркістан облысындағы аудандар мен қалалардың дағдылануына сәйкес кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде келесі 5 негізгі бағытта жүзеге асырылады: 1. Мал шаруашылығын жүргізу; 2. Егін шаруашылығын жүргізу; 3. Ауылшаруашылық өнімді өңдеу; 4. Өндірістік мини цехтарды жүргізу; 5. Қызмет көрсету және сервис. Оқыту теориялық және практикалық негізде жүргізіледі және шаруашылықтар мен кәсіпорындардың базасында практикалық курстарды өтуді қарастырады. Оқудан өткен кәсіпкерлерге 3-6 ай аралығында арнайы кәсіби кеңесші бекітіліп, алған білімді практикалық негізде қолдануға енгізуді сүйемелдейтін болады. Оқудың бұл түріне ер кәсіпкерлер де, әйел кәсіпкерлер де қатыса алады. Жақын арада өңірдің бейімделген кәсіп түрлері айқындалып, оқуға өтінімдерді қабылдау басталады. Әсіресе ауыл шаруашылығына оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отырғандар көп.