Қазақ мультфильмінің атасы А. Хайдаровтың жетістігін қайталауға көп жылдардан соң ғана қол жетті. 2012 жылы халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде жас аниматор Т. Майдан «Ақ қаз» фильмі үшін жүлделі орынға ие болды. 45 жылдан соң ғана аталған туынды қазақ ұлттық анимациясының ондығына ілікті. Осы орайда оңтүстікқазақстандық «САҚ» киностудиясының директоры Н.Паттевпен сұхбаттастық. «10 минуттық мультфильм түсіру үшін алты ай уақыт кетеді. Мультфильмнің бір секундына 24 сурет салынуы керек. Біздің аниматорлардың жұмысы ауыр, жанкештілікпен жұмыс істейді. Соңғы рет «Қазақ елі» мультфильмі үшін мемлекеттен жақсы қаражат бөлінді. Біз оны толықтай ақтадық, Каирде өткен фестивальде Гран при жүлдесіне ие болдық. Туынды Барселонада зор қошеметке ие болды. Еуразиялық кинофестивальде бірден үш бірдей жүлделі орынға лайық деп танылды. Біздің студиямызға 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біз 50 мультфильм, 400 минуттан артық анимациялық роликтер түсірдік. Бұдан бөлек 25-минуттық көп сериялы «Томпақ» фильмін түсірдік. Биылғы жылы 12-сериялық «Қалқан құлақ» фильмін түсірудеміз. Бұл қайырымдылық, мейірімділік, достық туралы туынды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен 4 туындының жұмысына кірістік. Біріншісі 13 сериялық «Көне жетігенннің сыры» атты тарихи туынды. Ол облыстағы тарихи орындарда түсірілді. Оған жергілікті бюджеттен 70 миллион теңге бөлініп отыр. Аталған туынды биыл жылдың аяғында экранға жол тартпақ. Соның аралығында үш тарихи анимациялық фильм «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» және «Қажымұқан» фильмдері түсірілуде. Соңғы «Қажымұқан» фильмі оңтүстіктің Астанадағы күндерінде көрермендер назарына ұсынылды.
О. Сингуровa