
Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, республикада көш бастады. Енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі ұсынылатын үш түрлі әлеуметтік төлемдердің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгізілетін болады. Ол үшін халықты «Өрлеу» жобасына жаппай жұмылдырып, жұмыспен қамтуды қолға алған жөн. Бүгін бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.Министрлік қолға алған «Өрлеу» жобасының мақсаты — өмірінде қиын жағдайға тап болған және белгілі бір себептерге байланысты тығырықтан шыға алмай жатқан азаматтарға көмек қолын созу. Тың тәсілді сынақтан өткізу аясында 2015 жылы кедейлік шегінен асқанға дейін тұрақты түрде мемлекет жәрдемін иеленуге мүмкіндік беретін «Өрлеу» жобасы дүниеге келген болатын. Бұл ретте мемлекет тарапы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жеке іс ашуға, оқу мен жұмысқа орналасуға қарайласады. Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, республикада көш бастады.Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында шартты ақшалай көмек 12813 отбасындағы 74705 адамға тағайындалп, жалпы сомасы 3,6 млрд теңгені құраған. Еңбекке қабілетті 13846 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, оның ішінде 11528 адам немесе 89,7% тұрақты жұмысқа орналасқан. «Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жаңа жұмыспен қамту бағдарламасына белсенді тарту қажет. Аз қамтылған отбасыларды көптеп «Өрлеу» жобасына жұмылдыра алсақ, келесі жылдан атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипатын іске қосуға да дайындық деңгейі соншалық жоғары болмақ», — деді Тамара Дүйсенова.Оңтүстік Қазақстанда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 64314 адамды қамту жоспарланып, жалпы 11,4 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдың 1 тамызына 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспардың 77% орындалған.