Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету — сауапты іс. Бұл бағытта осымен 10-шы жыл қатарынан өткізіліп жатқан дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясының рөлі зор. Игілікті іс Шымкентте де жалғасын табуда. Биылғы шара «Балаларға бірге көмек берейік!» атты ұранмен өтіп жатыр. Қайырымдылық жасау — әр азаматтың парызы. Жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу — ата-ана мен ұстаздардың ғана емес, баршаның міндеті. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ұлы Орда» ЖШС-нің басшысы Қайрат Сүлейменов Шымкенттегі Мағжан Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта мектептің 10 оқушысына киім-кешектер үлестірді. Кәсіпкердің жомарттығына ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді. Биылғы оқу жылында М. Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта мектепте 2300 оқушы білім алады. Мектеп басшылығының айтуынша, олардың 800-і — аз қамтамасыз етілген отбасы балалары. «Қысқа жіп күрмеуге келмеген шақта көпбалалы отбасыларға жәрдем беру – ізгілікті іс», — дейді қайырымды жан. ҚАЙРАТ СҮЛЕЙМЕНОВ – КӘСІПКЕР «Өзіміз де оқушы болдық.Елбасының күш-білімде дегеніндей балалардың білімді болып өсуіне жәрдемдесіп отырмын».Қайырымдылық — адамгершілік белгісі, асыл қасиеттердің бірі. «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, жаңа оқу жылы қарсаңында жомарттық танытқан жанға ата-аналар мен бүлдіршіндер риза болды. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Сондықтан, теңізге тамған тамшыдай жақсылық жасауға пейілді жандар табылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
УӘЛИХАН Қожақ