Биылғы жылдың жарты жылдығында Оңтүстік Қазақстан облысына 52 850 шетелдік және отандық туристер саяхаттауға келген. былтырғы көрсеткіш 33 мың турист болатын. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 50 пайызға көп.
Облыс әкімдігі хабарлағандай, шетелдік туристерді ежелгі Түркістан, Отырар аудандарының тарихи орындары қызықтырып, олар көбінесе Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін аралап жүр.
Шетелдік меймандардың біразы Оңтүстікке «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келіп жатыр. Бүгінге дейін шара шеңберінде күнгейге де келіп-кетуді ұйғарған туристердің ішінде Қытай, Үндістан және Сингапур елінің азаматтары да бар. Өңірдегі тарихи орындар, сәулеттік құрылымдар мен ескерткіштерді тамашалау үшін шетелдік қонақтар бірнеше күн жүрген.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымыздың барлық аудан, қалаларында 1, 2 және 3 күндік туристік бағыттар жұмыс істейді. Олардың аясында тарихи-мәдени және табиғи 84 нысанды аралауға болады. Туристік бағыттарға қосылған негізгі нысандар Отырар қалашығы, Арыстан баб кесесені, Сауран қалашығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Әзірет Сұлтан кешені, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі мен Ақмешіт үңгірі.
Туристік бағыттардың ішінде Отырар ауданындағы туристерді қызықтыратын этноауыл да бар. Қазақ ауылының аумағында көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысын барынша шынайы қалпында көріп, сезінуге болады. Жылқы мен түйеге мініп, әсем табиғатта серуендеуге, кең даланың таза ауасынан жұтып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады.