Спорт саласы Қазақстанда кең қолдауға ие. Елде бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, дамытуға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған саясат ықпал етуде. ОҚО Бәйдібек ауданында қазіргі таңда 309 спорт нысаны есепке алынған, оның 243-і қарапайым спорт залдары мен алаңдары, 20 ату тирі, білім беретін мектептерде 1 стадион,1 спорт кешені жұмыс істеуде. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты, ауданда 5 спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептерде спорттың 10 түрінен атап айтсақ, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, тоғызқұмалақ, бокс, футбол, баскетбол, грек рим күресі және стол теннисінен жұмыс атқарылуда. Мәселен, №1 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 8 түрінен 776 оқушы, №2 мектепте спорттың 7 түрінен 392 оқушы жаттығуда. Ал №3 мектепте спорттың 4 түрінен 342 оқушы, №4 спорт мектебінде спорттың 6 түрінен 180 оқушы, №5 мектепте спорттың 6 түрінен 216 оқушы жаттығуда. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 6 айында 77 спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 7388 аудан тұрғындары қатыстырылды. Жалпы ауданда — дене шынықтыру және спорт саласында 255 қызметкер жұмыс істейді. 2017 жылы ауданымыздың спортшылары облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда: қазақ күресінен – Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионатында Қ.Төленбай І орын, Е.Сіргебай ІІ орын, Қажымұқан атындағы халықаралық турнирде Д.Қасымұлы І орын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесінде Н.Бекқұлтегі І орын, дзю-до күресінен Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінде Б.Алымжанұлы І орын, Д.Изатуллаев ІІІ-орын, волейболдан ел біріншілігінде — Д.Мергенбай мен А.Жүрсін І — орын, тоғызқұмалақтан Павлодар қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Б.Батырбек І-орын алса, Ә.Жанарыс ІІІ-орыннан көрініп, ауданымыздың мерейін тасытты. Ресей қаласында өткен Азия біріншілігінде І-орын алған Б.Батырбек, Е.Лестің футболдан 1999 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарыста облыс құрамасында ойнап, республикалық спартакиадасының жеңімпазы атанып, қазіргі таңда «Астана» футбол клубының жастар құрамасында екені біздер үшін зор мақтаныш.
Алдағы кезде балалар мен жасөспірімдерге қажетті спорт түрлерін қолға алу жоспарлануда. Сондықтан Шаян ауылындағы «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жанынан жабық теннис корты және жабық бассейннің жобалық сметалық құжаттары дайындалып, салалық басқармаларға ұсынылды. 2017 жылдың ІІІ-тоқсанында құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Аудандағы ауыл округтердегі Боралдай, Шалдар, Шақпақ, Жамбыл елді мекендерінен спорт залдарының жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы кезде спорттың бұқаралылығын арттырып, балалар мен жасөспірімдерді түрлі спорт түрлері бойынша шынықтырып, баулуда өз міндеттерімізді атқара беретін боламыз.
А.АТЕМОВ,
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.