80 жылдық тарихы бар облыстық перинаталдық орталықта осы кезең ішінде 300 мыңнан астам перзент дүниеге келген. Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында орталық бас дәрігерінің орынбасары Ақмарал Елмұрзаева мәлімдеді. Бүгінгі таңда орталықта барлығы 356 орын қаралған, 600-ден астам адам еңбек етеді. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған және озық емдеу технологиялары қолданылатын бұл медииналық ұйымда облыстың 12 ауданынан келген қатер тобындағы жүкті және босанған әйелдерге, сонымен қатар шамадан тыс аз салмақпен туылған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Одан бөле орталық дәрігерлері репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау және медициналық генетика мәселелері бойынша консультативтік-диагностикалық жұмыс жүргізеді. «Жыл сайын №1 облыстық перинаталдық орталығына 10 мыңнан астам әйел жатқызылып, оның әрбірі жеке көңіл бөлуді талап ететін күрделі жағдайда босанады. Биылғы жылдың 5 айында 4093 босану жағдайы тіркеліп, 4192 сәби дүниеге келсе, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 166 нәрестеге артық»- деді Ақмарал Елмұрзаева. Биылғы жылы дүние есігін ашқан сәбилердің 91-і егіз болса, 4-уі – үшем.
Перинаталдық орталық үшінші деңгейдегі мекеме болған соң, жүкті әйелдердің 22-24 пайызы ота жасау арқылы босандырылады. Орталықта 15 жылдан бері диагностикалық және лапороскопиялық тәжірибе енгізілген. Осы жүйеге сәйкес салмағы 500 грамм және одан жоғары аз салмақты нәрестелерді күтіп, алып шығу тәжірибесі қолданылады. Жүктілік мерзімі 22 аптадан бастап мезгілінен ерте босанулар да осы орталықта жүргізіліп, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 13-14 пайызды құрап отыр. Айта кетерлігі, сегіз жылдан бері мұнда «АИТВ инфекциясының баладан анаға берілуінің алдын алу» бағдарламасы іске асырылуда. Нәтижесінде вирустық инфекцияның анадан балаға жұқтыру қатері 2 пайыздан да төмен деңгейде болып отыр. Облыстық перинаталдық орталық – облыс аудандары мен қалалары медициналық қызметкерлерінің акушерлік, гинекология, неонатология және отбасын жоспарлау бойынша тәжірибелік машықтарға оқытатын оқу базасы болып табылады. Осы мақсатта ашылған тренинг орталығында 1742 медиина қызмектері біліктілігін арттырды. 2001 жылы ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының ұйғарымымен облыстық перинаталдық орталық нәрестеге жылышырайлы қатынастағы аурухана деп танылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі