ОҚО Шардарада тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті. Оған 100-ден астам спортшы қатысып, кім мықтыны анықтады. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Спорт нашақорлыққа қарсы» атты акциясы аясында өткен жарыста қатысушылар тоғызқұмалақтың екі түрі бойынша бақ сынады. Алдымен қатысушылар осы ойынның классикалық түрінен сынға түсті. Бұл сында жеңімпаз 1,5 сағаттың ішінде анықталады. Одан кейін 7 минуттық блиц түрінде, олардың шапшаңдығы сыналды. Ал, жарыс жеңімпаздары жас ерекшеліктеріне қарай әр спорт түрінен жеке-жеке анықталды. ӘСЕЛ ДАРИЕВА-ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ «Жарыс өте тартысты өтуде, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Шардара қаласы жылы лебізбен қарсалып жатыр. Мында ойын тақталары да, сағаты да бәрі түгел, сондықтан да балдар тек жақсы ойнап, ойын көрсетсе болды». Екі күнге созылған сайыста облыстық спорт түрлері мектебі шәкірттерінің мерейі үстем болды. Сондай-ақ, Төлеби, Түлкібас, Отырар, Сарыағаш аудандарының спортшылары да жүлделі орындардан көрінді. Ал, қарсыластарынан қара үзген қатысушыларға Шардара ауданы әкімдігінің атынан бағалы сыйлықтар табысталып, арнайы алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар жүлделі үштіктен көрінген спортшылар республикалық сайыстарға жолдама иемденді. Ғалымжан Амантай – Шардара аудан әкімі аппаратының басшысы «Шардара ауданымызда тарихында тұңғыш рет жастар арасында тоғызқұмалақтан ОҚО- ның чемпионаты ашылуымен құттықтаймын. Ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосып жатқан сіздерге тек қана жетістіктер тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, биік шыңдардан көріне беріңіздер». Ал, тоғызқұмалақ ойынының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Мұндай құрметке ие болғандардың ішінде тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Әсел Дариева мен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аға жаттықтырушы Кәмила Көпбаева бар.
МАҚСҰТ Жарылқасын