Түркістан қаласында «Жасыл аймақ» апталығында аулаларды абаттандыру, көшет отырғызып, көгалды аймақ көлемін ұлғайту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Осы ретте қаладағы Сауран секторының тұрғындары республикалық акцияда сенбілікке шығып, көгалды аумақтарына күтім жасады. Аға буын өкілдері игі істің басынан табылып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетті.
Айта кетсек, бүгінде облыс орталығында республикалық акцияға үлес қосуға ниетті мекемелер өз аулаларында көпжылдық және біржылдық гүл көшеттерін егуді жоспарлауда. Жалпы Түркістан қаласындағы абаттандыру жұмыстарына барлық саладағы мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары, қала белсенділері және ерікті жастар жұмыла атсалысып жатыр. Алдағы күндерде де айналаны жасыл желекпен жайқалту жұмыстары тұрақты түрде өз жалғасын табады.