Мақтаарал ауданында қырыққабат өнімін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда егістік алқаптарында ондаған бригада құрылып, 900-ден астам жұмысшы өнім жинауға кіріскен. Алғашқы өнімдер еліміздің өзге облыстары мен Ресей, Беларусь елдеріне жөнетіліп жатыр.
Аудан көлемінде ерте егілген қырыққабат дақылының аумағы 546 гектарды құрап, қазірдің өзінде 260 тонна өнім жиналған. Негізінен мақтааралдық диқандар қырыққабаттың салмағы 1-1,5 келіден аспайтын нидерландық пандион сортын еккен. Бұл өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Қырыққабаттың бір келісі алғашқыда 230 теңгеден болса, қазір 70-80 теңге көлемінде саудалануда.
Айта кетейік, қырыққабат дақылын жинап алған мақтааралдық шаруалар екінші өнімге маш, жүгері, мақта сияқты дақылдарды егуді жоспарлап отыр.