Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында «Вакциналар өткен, қазіргі және болашақ ұрпақтардың денсаулығын қорғау» атты апталық жалғасуда. Аталмыш апталықты өткізудің маңызы зор. Өйткені бүгінде вакицина салдыруға құлықты еместер де баршылық. Сондықтан да аталмыш аурухана ұжымы әрдайым түсіндірме жұмыстары жүргізіп отырады.
Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының мамандары және мектеп медбикелері мектеп оқушыларына және ата -аналар арасында иммундау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізді. Иммунизация – адамның жалпы инфекцияларға қарсы иммунитетін нығайту және организмнің жұқпалы агенттердің әсеріне қарсы тұру қабілетін арттыруға бағытталған процесс екені белгілі. Халықты вакцинациялау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен егу құрамдары қолданылады. Көктем айында әлем бойынша жыл сайын иммундау апталығы өтеді. Бұл іс-шара барлық континенттердегі 180-нен астам ел қатысатын әлемдік жобаға айналды. Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулездің күрделі түрлері сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Оған басым көпшілік түсіністікпен қарайды. Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде. Аталмыш кабинеттерде вакцинация туралы барлық мәлімет қамтылған ақпараттық бағыттағы материалдармен толық қамтылған…
Мектеп оқушылары мен ата-аналар мұндай түсіндірме, ақпараттық бағыттағы жұмыстарды қолдайтындықтарын білдірді. Медицина мамандарына өздеріне түсініксіз тұстары туралы сұрақтар қойып, тұщымды жауаптарын алды. Алдағы уақытта аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.