Бүгінде емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлер көп. Күн сайын жаны қиналып, ауырып келген әрбір науқасты ажалдан арашалап, ота жасап, ем-дом жасап жүр. Әсіресе айы күні жетіп, босанғалы келген аналарға көмек қолын созып, дүниеге періште сәбилердің келуіне септесіп жүрген акушер-гинекологтардың еңбегі орасан. Олар қандай мақтауыңызға да лайықты.
Бүгінгі кейіпкеріміз білікті дәрігер – Мархабаева Гүлзира Тохтаназарқызы. 14 жылдық жұмыс өтілі бар акушер гинеколог бүгінде Түркістан облысындағы Мақтаарал аудандық «Мырзакент» ауруханасында еңбек етіп келеді. Білікті маман 2003-2010 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін аяқтаған. Содан бері осы аталған ауруханада жемісті еңбек етіп келеді. Бірінші дәрежелі біліктілік мамандығына ие. Білікті дәрігер 14 жыл ішінде 10 мыңнан астам сәбидің аман есен дүниеге келүіне ықпал еткен білікті дәрігерлердің бірі. Күнделікті 20-25 жүкті әйелдерді және денсаулығы бойынша келген пациенттерді қабылдайды. Қабылдау, кеңес беру, ауруханаға жатқызу, реаблитацияға жолдау, қашықтықтан кеңес беру, алыс аймақтарға барып қабылдау жүргізу секілді қызметтерді атқарады. Білікті дәрігердің жоғары медициналық білімі, акушер-гинекология саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Ол үнемі біліктілігін арттырып, ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысып, медицинадағы соңғы тенденциялар мен жаңалықтарды қадағалап отырады.
Білікті дәрігер жүктілік пен босануды сәтті өткізу үшін қажетті білім мен дағдылардың кең ауқымына ие. Әйелдердің денсаулығына байланысты түрлі ауруларды анықтап, емдеуді, профилактикалық тексерулер мен консультацияларды жүргізіп, қажетті ем тағайындауды жоғары деңгейде орындайды.
Білікті дәрігер әрбір жүкті әйелге жүктіліктің барлық кезеңінде сапалы медициналық көмек пен қолдау көрсетуге тырысады. Ол пациенттердің барлық сұрақтарына жауап беруге, туындаған проблемаларды шешуге көмектесуге және нәрестенің қауіпсіз дүниеге келуіне жағдай жасауға әрқашан дайын. Білікті дәрігер – әрбір жүкті әйел мен оның сәбиіне ең жақсы медициналық көмек пен күтім көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын кәсіби маман. Сондықтан да Гүлзира Тохтаназарқызының қабылдауына жазылушылардың қатары қалың. Мақтаулы дәрігер бүгінде мақтааралдықтардың сүйіспеншілігіне бөленген.