Адам емдеу оңай шаруа емес. Науқастың дертін дөп басып, ем тағайындау, ауруынан айығып кетуіне септесу нағыз кәсіби маманның қолынан келер елеулі іс. Осы орайда емі шипалы, білікті дәрігер — Елеуова Динара Сапарханқызы туралы айтпақпыз. Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде дүниеге келген ару бала жасынан дәрігер болуды армандағанын жасырмайды. Осы арман жетегінде 2017 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түседі.
Әрине медицина оқу орнында білім алу оңай шаруа емес. Теория мен практиканы ұштастыра жүріп, жақсы деңгейде тәмәмдап шықты. Жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алып, 2018 жылдан бері Мақтаарал аудандық “Мырзакент” ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс атқарып келеді. Еңбек өтілі 6 жыл. Дәрігер күнделікті 40 -50 пациент қабылдап, ем тағайындап, кеңестер береді.
Мақтаарал аудандық ауруханасы сияқты қарбалас ортада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істеу өте қызықты және күрделі. Күніне 40-50 науқасты қарау жақсы ұйымдастыруды және тез шешім қабылдауды талап етеді. 6 жылдық тәжірибе дәрігерді кәсіби тұрғыдан байытып, жылдам диагностика мен тиімді емдеу дағдыларын дамытуға көмектесті.
Жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде суық тию және тұмау сияқты жиі кездесетін ауруларды тексеру мен емдеуден бастап, созылмалы жағдайларды басқаруға, профилактикалық қызметтер мен денсаулық туралы кеңес беруге дейін денсаулық сақтау мәселелерінің кең ауқымымен айналысу оңай деп ешкім де айта алмайды. Білікті дәрігердің қызметі қоғам үшін маңызды, өйткені алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ем-шипа тағайындайды. Білікті дәрігердің қоғамның денсаулығын сақтауға қосқан үлесі баға жетпес және кәсіби шеберлігін көмекке жүгінген адамдар бағалайтыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда диспансерлік науқастар саны – 450-ді құрайды. Қабылдаудан тыс уақытта үйге шақыртуларға барып, қызмет көрсетіп, ем тағайындайды, пациенттерді диспансерлік есепке алып, динамикалық бақылау жасайды. Динара Сапарханқызының біліктіліген тәнті болып, алғыс айтатындардың қарасы қалың.