Түркістан қаласындағы «Амина» клиникасының мамандары шалғай шетте жатқан аудан, ауылдарға барып, тұрғындарды тегін тексеруден өткізіп тұрады. Мұндай шаралардың көмегі көп. Өйткені ауруды ерте сатысында анықталған жағдайда емдеу нәтижесі де жоғары болары сөзсіз. Сондықтан да аталмыш клиниканың мамандары яғни, онкогинеколог және онкохирург, маммолог дәрігерлері Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы тұрғындарын онкологиялық аурудың алдын алу және ерте сатыда анықтау мақсатында профилактикалық тексеру жүргізді. Нәтижесінде 64 тұрғын жан жақты тексеруден өткізілді. Оның ішінде 7 науқаста қатерлі ісікке қауіпті белгі анықталып, ары қарай толық емделуге «Амина» клиникасына шақырылды. 12 тұрғында қатерсіз ісік ауруы анықталып, ол кісілерге міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесінде тегін емделу мүмкіндіктері жайлы кеңес берілді.
Сондай-ақ онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша кеңестер беріліп, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша ұсыныстар берілді. Дәрігерлер тұрғындардың өз денсаулықтарына қызығушылық танытып, профилактикалық шараларға белсене атсалысқаны үшін алғыстарын білдірді.
«Амина» клиникасы барлық тұрғындарды жүйелі түрде тексеруден өтуге және қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дәрігерлерге баруды кейінге қалдырмауға шақырады. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау табысты емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Сондықтан да ең болмағанда жылына бір рет толық тексерілуден өтіп тұруға кеңес береді.