
фото ТОПД
Түркістан облысында шетелдік көлікті заңдастырып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті ұсталды. Түркістан облысының Төлеби ауданында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды қолға түсірді.
Тергеу барысында күдіктінің Toyota Alphard автокөлігін Армения тіркеуінен шығарып, қазақстандық нөмірге ресімдеп беремін деп уәде бергені анықталды. Жәбірленушінің сеніміне кіріп, одан 500 мың теңге көлемінде қаражат алған. Алайда, ақшаны алған соң бір жылдан астам уақыт бойы байланысқа шықпай, уәдесінде тұрмаған.
Полиция қызметкерлері күдіктінің мұнымен шектелмей, басқа да алаяқтық қылмысқа қатысы барын анықтады. Қазіргі таңда оның ісі сот қарауына жолданды.