
фото ШПД
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Камерун Республикасының азаматы М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. М. ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен (психотроптық заттарды адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау) айыпталды.
Шетел азаматы сотталушы М., Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылып, осылайша ол республика аумағында заңсыз болған.
М.-ға 2025 жылдың наурыз айында «Telegram» мессенджерінде «E…» атты белгісіз адамнан өткізу мақсатында психотроптық заттарды заңсыз иемдену, сақтау туралы ұсыныс түскен.
М. осы ұсынысқа келісіп, Алматы қаласынан Шымкент қаласына келіп, белгісіз адамның нұсқауы бойынша Алматы қаласынан қорапқа оралған жылытқышты алған, оның ішінде ірі мөлшердегі жалпы массасы 1346,01 грамм α-PVP (α-пирролидиновалерофенон) психотропты заты болған.
Сол күні М. полиция қызметкерлерімен ұсталған, одан жоғарыда аталған зат тәркіленген. Оған қоса, М.-ның тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту жүргізіліп, ол жерден электрондық таразы, «Zip-lock» пакеттері, қара түсті орағыш және басқалар тәркіленді.
Сотталушының, куәлардың жауаптарымен, жеке және тұрғын үйді тінту хаттамасымен, заттай дәлелдемелермен, сот-сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденеді.
Прокурор М.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы М. кінәсін мойындамай, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, Камерун Республикасына экстрадициялауды сұрады.
Сот, жаза тағайындау барысында, сотталушының жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерді.
Сот, М.-ды ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1),3) тармақтарымен кінәлі деп танып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.