
фото ТОӘБҚ
Сарыағаш ауданындағы ауыл шаруашылығының алтын діңгегіне айналған Қапланбек совхозына биыл – 100 жыл! Бір ғасырлық тарихы бар ауыл – тұтас елдің ауыл шаруашылығындағы ірі жетістіктерінің символы, табанды еңбек пен маңдай тердің шынайы жемісі.
Мерейлі мерекеге орай Сарыағаш ауданында кең ауқымды салтанатты жиын өтті. Ауылдың торқалы тойына аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар, ел ағалары, ауыл тұрғындары мен совхозда тер төккен ардагерлер жиналды.
Мерекелік шара аясында Қапланбектің ғасырлық шежіресін бейнелейтін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл – бір ғасырлық еңбектің, үздіксіз дамудың, жаңашылдық пен дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев:
“Қапланбек совхозының бір ғасырлық тарихы – табандылықтың, маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Бұл мерейтой – өткенді қастерлеп, болашаққа нық қадам басуға жетелейтін маңызды белес. Қапланбек сынды тарихы терең, болашағы жарқын ауылдардың дамуы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі.” – деп атап өтті.
Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы совхозда тер төккен ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Олардың еңбегі – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, ауылдың өркендеуіндегі өлшеусіз үлес.
1925 жылы құрылған Қапланбек совхозы алғашында 170 гектар жерге алма мен алша егіп, жеміс-жидек шаруашылығын бастаған. Бертін келе өнімдері Ташкент арқылы Мәскеуге дейін жетіп, еліміздің мақтанышына айналды.
1934 жылы совхоз орталығында іске қосылған шарап зауыты – өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы тың серпіліс болды. «Қапланбек» маркалы шараптар халықаралық көрмелерде 50-ден астам алтын, күміс, қола медаль иеленіп, ауыл атағын әлемге паш етті. Бұл жетістікте зауытты басқарған Иван Акимович Тыщенконың еңбегі зор болды.
Мерекелік жиыннан соң аудан әкімі Арман Абдуллаев Ташқұлақ ауылындағы “Asia Distillery” зауытына барып, заманауи өндіріс технологияларымен танысты. Кәсіпорын басшылығы өнім сапасы мен экспорттық әлеует жөнінде баяндама жасап, алдағы жоспарларын бөлісті.
Қапланбек совхозының 100 жылдық мерейтойы – тек бір ауылдың емес, бүкіл өңірдің ортақ қуанышы. Ата-бабамыздың ерен еңбегімен басталған бұл жол – келешек ұрпақ үшін мақтаныш, ұлт рухын көтеретін шежірелі тарих. Бір ғасырлық жолды артқа тастап, Қапланбек жаңа белестерге нық қадам басуда.