
фото YouTube
Қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан, 4 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Т. ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігімен (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соғуда) айыпталған.
Т. Шымкент қаласы, Қарасу шағын ауданында орналасқан пәтердің иесі болып табылады. Аталған пәтерде «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның талаптарын бұза отырып, газды су жылытқыш орнатылған. 2024 жылдың тамыз айында сотталушы Т. газды су жылытқыштың заң талаптарына қайшы орнатылғанын біле тұра, пәтерді Үндістан Республикасының бес азаматына жалға берген. 2025 жылдың қыркүйек айында газды су жылытқышты пайдаланған кезде, аталған пәтерде екі Үндістан азаматтары абайсызда (көміртегі тотығы) иіс газына уланып қайтыс болған.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
Прокурор сотталушыға ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушінің өкілі жаза тағайындауды соттын кұзырына қалдырған.
Сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Жазаны тағайындау барысында сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баланың болуы, зейнеткерлік жасқа жеткені, кінәсін мойындауы – жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Оның ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Т. ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп белгіленді.
Үкім заңды күшіне енбеді.