Фото ТӨКҚ
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да 30 жылдан астам уақыт бойы Түркі елдерінен келген жастар білім алып жатыр. Жыл сайын оқу ордасына қазақ тілін үйрену үшін әртүрлі елдерден студенттер келеді.
Биыл университеттің Дайындық орталығында Әзірбайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра және Лала Азизовалар мен Қырғызстаннан келген егіздер – Батма және Зуура Акканалиевалар білім алып жатыр. Қазақ тілін үйренуді бастағандарына небәрі бір ай болса да, тыңдаушылар еркін сөйлеп, өз ойларын қазақ тілінде жеткізе алады. Дайындық орталығында оқу орнының ішкі гранты негізінде Түркі мемлекеттерінен келген жастар білім алып, қазақ тілімен қатар түрік және ағылшын тілдерін де меңгереді.
Оқытушылардың айтуынша, білім алушылардың жаңа тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Үшем мен егіз қыздар Дайындық орталығын аяқтағаннан кейін өздері таңдаған мамандық бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда университеттің Дайындық орталығында қазіргі таңда түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар.
