фото ТОӘБҚ
Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округінде тұратын ағайынды Хуршид пен Бақберген Исраиловтар бөлме және дала гүлдерінің 50-ге түрін өсіреді. Олар 12 соттық аумақта орналасқан шағын жылыжайда гүл шаруашылығын дамытып отыр. Жылыжай шаруашылығы олардың негізгі табыс көзіне айналған. Қазіргі таңда шаруашылық жылына шамамен 10-15 миллион теңге көлемінде табыс әкеледі. Кәсіпкерлер алдағы уақытта гүл өсіретін аумақты кеңейтуді жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, жылыжай көлемін 20 соттық жерге дейін ұлғайтып, гүл түрлерін де көбейтуді көздейді.
«Біз гүл өсіруді 3 жыл бұрын бастадық. Алғашында Ташкенттен бірнеше гүл сұрпын әкелдік, қалғанын өзіміз жетілдірдік. Қазір гүлдерімізді Шымкент, Алматы және Қызылорда қалаларына жөнелтіп отырмыз. Жоспарымыз үлкен, ауылда гүл шаруашылығын дамытуға күш салғымыз келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау болса, ісімізді одан әрі кеңейтуге мүмкіндік туар еді», – дейді кәсіпкер Хуршид Исраилов.
