фото ТОПД
Түркістан облысының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің автокөлік басқарған бейнежазбасын анықтады.
Жедел әрекет еткен полицейлер дереу тексеру жұмыстарын жүргізіп, оқиғаның Ордабасы ауданында орын алғанын анықтады. Бейнежазбадағы тұлғалар полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, 15 жастағы жасөспірім үйде үлкендердің жоқтығын пайдаланып, атасына тиесілі «ВАЗ» маркалы автокөлікті рұқсатсыз айдап шыққан. Сонымен қатар көлік басқарған сәтін “TikTok” әлеуметтік желісіне жариялаған.
Полиция қызметкерлері дер кезінде шара қабылдау арқылы жол қозғалысына төнуі мүмкін қауіптің алдын алды. Автокөлік айыптұраққа қойылып, заң талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары тараптарға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмағандардың көлік басқаруы адам өмірі мен жол қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін ескертті.
Түркістан облысының полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.
