Шымкент қаласындағы бүлік кезінде 13 кәсіпкерлік нысанға залал келген. Ал шығын көлемі 100 млн. теңгеге жуық. Бұл туралы Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді. Қираған нысандар қатарында құрылыс заттарын сататын, кондитерлік өнімдер, ломбард нысаны және азық-түлік дүкендері бар.
Нысандардың көп бөлігінің есік-терезесі сынған, мүліктер тоналған және кейбіріне өрт қойылған.
Нұрлан Қабыштаев, «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалының директоры: «Шымкент қаласында қазіргі таңда 13 бизнес субъектілері зардап шеккен. Шамамен қазіргі 100 млн-ға жуық сома анықталып жатыр. Бірақ интернет болмағандықтан нақты сумманы әлі нақтылай алмай жатырмыз. «Метро» гипермаркеті тоналған, оның ішінде 3 субъектінің мүлігіне зардап келтірілген. Онымен қоса құрылыс компанияларының мүліктері, транспорттық компанияның автобустары өртеніп, тоналып ұрланған».
Сондай-ақ, бұзақылар «BI-Group» құрылыс компаниясының да ғимаратына шабуыл жасаған. Терезелерін сындырып, ішіндегі жиһаздарға өрт қойған.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, шығындарын есептеу барысында республикалық деңгейде комиссия құрылады. Сол арқылы зардап шеккен кәсіпкерлер анықталып, оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні айтылатын болады.