Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 3 қаңтарында әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Сарыағаш ауданындағы белгілі журналистің үйіне шабуыл жасалып, оның баласы жарақат алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сол күні полиция қызметкерлері бұл жайтты аудандық полиция бөлімінде тіркеп, ҚР ҚК 24-99-баптары «адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Облыстық полицияның үздік жедел уәкілдері мен тергеушілері ауыр қылмысты ашуға бағытталды. Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков егжей-тегжейлі айтып берді. «Жасалған қылмыс туралы ақпаратты алған соң, бірден Сарыағаш ауданындағы қылмыс орнына менің жедел қызмет жөніндегі орынбасарым Құрманбек Сахов бастаған криминалдық полицияның кәсіби қызметкерлері мен тергеушілер тобы жіберілді. Олар келген бойда белгісіз біреулердің журналистің үйіне автокөлікпен барып, терезеден оқ атып, қашып кеткендерін анықтады. Нәтижесінде үй иесінің ұлы жарақат алған. Қылмысты ашуда біз бірқатар нұсқаларды негізге алдық, оның бірі журналистің кәсіби қызметіне байланысты осы қылмыстың жасалуы мүмкін екені. Кейіннен дәл осы нұсқамыз расталды. Бұл қылмысты ізін суытпай ашуда оқиға орын алған уақытта куәләрдің болмауы да өзіндік қиындық туғызды. Десе де жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы оқиғаға қатысы бар Шымкент қаласының екі жас тұрғыны тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Олар оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Содан кейін полиция қызметкерлеріміз делдалдар мен қылмысты тапсырыс берушілерге шықты. Бүгінгі таңда біз осы қылмысқа қатысы бар 5 күдіктіні ұстадық. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары үшін алған ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды. Қазіргі уақытта Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, яғни шенеуніктің осы қылмысқа тапсырыс бергені анықталды. Ол журналистің өмірін 5 000 000 теңгеге бағалаған. Өз кезегінде орындаушылар іздерін жасыру мақсатында тапсырысты орындап, Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен. Қазір тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізуде. Осы қылмыстық іс аясында қажетті процессуалдық әрекеттер іске асырылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себептері мен барлық мән-жайлары анықталатын болады. Сот оларды қамауға алуға санкция беріп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.» — деп қорытындылады департамент бастығы Қ.Дәлбеков.