28 қаңтарда Ташкент хайуанаттар бағында сағат 12 шамасында жас келіншек көпшіліктің көзінше қолындағы кішкентай қызын аюдың қоршауына тастай салды, деп хабарлайды Zakon.kz. Бұл туралы ақпарат хайуанаттар бағының Telegram арнасында жарияланды. Баспасөз қызметі хабарлағандай, ол кезде ұяда Кавказ қоңыр аюы — Зузу болған. Ол бірден өз апаны жанында келіншектің не істеп жатқанын қадағалай бастаған. Қыз жерге құлаған кезде жануар оған баяу жақындап келіп, иіскелеген соң кері бұрылып кетіп қалады. Хайуанаттар бағының жұмысшылары бұл аюдың әуелден агрессивті емес, керісінше көпшіл екенін айтады. Хайуанаттар бағына келушілер мен қызметкерлер әйелді тоқтатуға тырысқаны анықталды, бірақ ол ешкімге бой берместен қызын темір қоршаудың арғы жағына лақтырып, өзінің оғаш әрекетін аяғына жеткізген. Бала қоршаудан шығарылып, оны медбике тексерді. Қыз жыртқыштың тістерінен емес, шамамен 5 метр биіктіктен құлағандықтан ғана зардап шеккен… алғашқы тексеру кезінде көгеруден басқа, одан ауыр жарақаттар табылған жоқ. Ташкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл жағдайдың себептерін зерттеп жатыр, ал бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Ташкент хайуанаттар бағы қызға медициналық көмектің барлық шығындарын өз мойынына алатынын жеткізіп, оның тез сауығып кетуін тілейді.