Қоқыс жәшіктері қорқыныш алаңына айналып барады. Бүгін таңертеңгісін шымкенттік тұрғын қоқыс тастауға арналған контейнерден әйел адамның мәйітін тауып алған. Көрпеге оралып, сөмкеге салынған әйелдің денесі Ә. Жангелдин көшесіндегі қоқыс жәшігінен табылды, деп хабарлайды saq.kz. Белгісіз әйелдің денесі Ә.Жангелдин көшесінің бойындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен табылған. Аталмыш көше қала орталығы болып саналады әрі мұнда тәуліктік жалға берілетін пәтерлердің ошағы ретінде танылған. Аталған аумақты криминогендік ахуал ушыққан орталық деп атауға болады. Ұдайы айқай-шу, тұрғындар пәтерді жалға алатындарға қарсы қаншама рет майдан ашқанымен қайран жоқ. Тұрғындар қанды оқиға жалға берілетін пәтерлерде болуы да мүмкін екенін айтуда. Марқұм шамамен 35 жаста болған. Мәйітті алдымен сөмкеге салып, үстін көрпемен жапқан, содан соң қоқыс жәшігіне тастаған. Әйелдің мүрдесін жергілікті тұрғын кездейсоқ тауып алған. Мәйітті алғаш көрген тұрғын оның үстіне нан қойылғанын айтады. Сол нанды алмақ болғанда астында әйел адамның мүрдесі жатқанын көрген. Қатты қорыққанынан қаша жөнелген. Жақын маңдағы таксишілерге болған оқиғаны әзер жеткізіпті. Полицияны солар шақыртқан. Куәгерлер, марқұмның киімі таза болғанын, алайда үсті-басы қанға боялғанын айтады. Сондай-ақ, олардың сөзінше әйелдің бет-аузының сау тамтығы қалмаған. «Аталған жайт Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 99-бабы «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, қазіргі таңда күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», дейді Әл-Фараби аудандық полиция басқармасындағылар. Қанды оқиғаға куә қоқыс жәшігіне жақын жердегі жол бойында бейнебақылау камерасы орнатылған екен. Ол қылмысты ашуға көп көмегін тигізері сөзсіз.