Алматы тұрғыны Мұрат Сабдировтың өліміне туыстары полицияны кінәлайды. Алмалы аудандық полиция басқармасының абақтысында 33 жастағы ер адам асылып өлген күйде тапқан. Әлеуметтік желілерде болған оқиға туралы ағасы айтып берді. Оның айтуынша, Мұрат Сабдировтың қызымен болған жанжалынан кейін тәртіп сақшылары одан жауап алған. Бөлімшеге кеткен соң үйге оралмаған. Туыстары өз-өзіне қол жұмсады дегенге сенбейді. Оны азаптап өлтірген деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. скриншот facebook.com/arman.sabdirov “Ағамның денесін мәйітханадан алып кеттім. Денесінде көптеген азаптау іздері болды: қолында, аяғында, шындағында, арқасы мен мойнында, қолының бас бармағында көгерген іздер мен ісіктер байқалды. Сынған жерлер бар сияқты. Бауырымды қорлағанына еш күмәнім жоқ. Ағам мұнай-газ саласында жобалаушы болған, өз компаниясы бар еді, кәсіпкерлік қызметпен белсенді айналысқан, үлкен жоспарлары болған”, – деп жазды марқұмның бауыры Арман Сабдиров. Полицияның айтуынша, ұсталған азамат салды өзіне өзі қол салыпты. Мұны бейнебақылау камералары жазып алған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары марқұмды топтық зорлау жасады деген күдікке алған. Оның қайтыс болу фактісі бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. “Бұл туралы 1987 жылы туған азаматша Б. 27 қаңтарда арызданған. Қыздың айтуынша, жақын таныс емес ер адам оны Саялы шағынауданындағы төрт күнге жуық пәтерінде ұстап, бірнеше рет зорлаған. Онымен бірге досы болған. Алмалы ауданының ПБ-да болған кезінде азамат өз жейдесінің жеңімен асылып, өз-өзіне қол жұмсады”, – дейді Алматы қаласының Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.