Елімізде жас мамандарды мектепке жұмысқа қабылдау ережелері қатаңдатылатын болады. Тек Жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы дипломның болуы жеткіліксіз. Бұдан былай түлектер қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндеттеледі, деп хабарлайды saq.kz. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа мектеп директорының өзі қабылдайтын. Енді оған жол жоқ. Төрт жыл бойы мұғалім мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндетті. Жас маманды жұмысқа қабылдаудағы басты ережелердің бірі. Тестілеу сұрақтары сан салалы. Онда салалық пән бойынша мектеп бағдарламасы мен сабақ беру әдістемесі қамтылады. Сынақтан сүрінгендер «ұстаз» деген атқа ие бола алмайды. Бұрын диплом сәйкестігі және сұхбаттасу арқылы директор өзі қабылдай беретін. Ал қазір жаңа бұйрық негізінде арнайы конкурс, бос орындар үшін конкурстар жарияланып, арнайы комиссия құрылып, критерийлер жазылатын болды. Критерийде ең бірінші кезекте бос орынға өтініштер қабылданады. Ал ол бос орындар арнайы желілерде конкурстық жүйеде жарияланады. Ол жерде критерийлерде мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тесттен өтуі талап етіледі. Бұл талап былтыр алғаш рет пилоттық режимде өтті. Онда педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тест тапсырған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бастапқы сынақтан тек 15 мың түлек қана қажетті балл жинай алды. Жомарт Қарамбаев ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары: «Егер жас маман тиісті шектеулі балды ала алмай қалған кезде, оның құқығы бар. Күнтізбелік жылдың ішінде тағы бір рет тестілеуден өтуге, бірақ ол ақылы түрде өтеді және сынақтардан ол өз қалауы бойынша ақылы түрде тестілеуге дайындығы бар. Ал техникалық жағдай бойынша болып қалса, онда әрине апелляциялық комитет жұмыс істейді. Сонда бұл сұрақтарды шешуге болады. Мысалы, пән бойынша 70 сұраққа жауап беруі керек үміткер, педагогика және оқыту әдістемесі бойынша 30 сұрақ, жалпы 100 сұраққа жауап беруі керек». Осылайша мұғалім болып жұмысқа тұра саламын дейтіндердің жолы кесілмек. Әрине, дұрыс та. Еліміздің болашағын білімді де білікті ұстаздарға сеніп тапсыру қажет. Осы бағытта қолға алынып жатқан алғашқы қадамдар құптарлық-ақ.