Қазақстанда биыл мектеп түлектері тарих пәнінен емтиханды ауызша тапсырады. Қалған пәндер бойынша емтихандар жазбаша форматта болмақ. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Каримова мәлім етті, деп хабарлайды stan.kz. Биыл елімізде 155 мың түлек мектеп, сондай-ақ 267 мыңнан аса оқушы 9-сыныпты бітіреді. 9-сыныпқа арналған ақырғы емтихандар 28 мамыр мен 6 маусым аралығында төрт пән бойынша өтеді. Ал 11-сынып бітірушілері 27 мамырдан 10 маусымға дейін білім деңгейлерін тексереді. Биыл Қазақстан тарихы пәнінен емтихан ауызша түрде өтеді. Әр билетте үш сұрақтан беріледі. Максималды ұпай — 30. Спикердің айтуынша, соңғы қоңырау әдеттегідей 25 мамырда, ал аттестатты табыстау рәсімі – 16-17 маусымда өтеді. Барлық шаралар мектеп қабырғасында өтеді. Гүлмира Каримова бітіру шараларына аниматорларды, мерекелік агенттіктерді шақыруға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, мерекелік дастархан жаюға, автокөліктерді жалға алып, қала аралауға тыйым салынады. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға сыйлыққа ақша жинауға, бітіру кештерін мейрамхана мен кафелерде ұйымдастыркға болмайды. «Түлектердің қайырымдылық бастамаларына – «Мектепке кітап сыйла» акциясына, «Мектепке сый» ағаш отырғызу акциясына, әлеуметтік осал топтар мен балаларға көмек көрсету бойынша бастамаларға қолдау көрсетіледі», – деді Гүлмира Каримова. Биыл Қазақстан бойынша 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектептер жұмыс істейді. Мұндай мектептердің мақсаты – 1-8 және 10-сынып оқушыларының білімін толықтыру. Жазғы мектептерге бару ерікті түрде, таңдау құқығы ата-аналарға беріледі. Жазғы мектептерде үй тапсырмалары берілмейді.