Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасына мектеп оқушылары мен студенттер арасында әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау қалай жүзеге асатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz. Көптеген зерттеу дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Елімізде дарынды балаларды қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деп жазды министр. Бас педагог білім беруде меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды екенін айтты. Ол мектептерде, колледждер мен университеттерде осы мәселені теңестіру үшін қандай өзгерістер жүзеге асатынын айтты: 1. Мектептер бойынша. Биыл біз әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15%-дық квота енгізу туралы шешім қабылдадық. Яғни енді осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және т.б мектептерге оқуға түсе алады. 15% — бұл көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауына негіз жоқ. Жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас және қоршаған орта осы оқушыларға оң әсер етеді және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына және оқуда жетістікке жете алатынына сенімім мол. 2. Біз «Сандық (цифрлы) репетитор» жобасын енгізіп жатырмыз. Жаңашылдықтың мақсаты — әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру. Біз «Қазақстан халқы» қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұрадық. 3. Колледждер бойынша. Биыл біз республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлдік. Олар біліммен қамтуды арттыру мақсатында әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі. Әкімдіктердің қаржыландыруы жеткіліксіз болғандықтан, көбі колледжде оқуға тегін грант ала алмағаны жасырын емес. 4. Университеттер бойынша. Былтыр гранттарды бөлу кезінде біз алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгіздік. Осының арқасында былтыр мүмкіндігі аз болғандарға енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Осы студенттердің бірінші оқу жылының нәтижесін және осындай шешімнің тиімділігін көріп, енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізуді жөн көрдік. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетке оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар осы жылы ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасын 35 пайызға дейін ұлғайтып жатырмыз. «Жаңа Қазақстан – бұл әділетті Қазақстан» деп Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев айтқандай, білім берудегі инклюзивтілік те әділеттілікті қамтиды. Асхат Аймағамбетов