Тәртіп сақшыларары есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуде Біреудің пайда тапқаны өзгеге өзекті өртер өкініш болатыны қандай қиын. Есірткі өсіріп, оны саудалаумен айналысатындар тапқан оңай олжасына мәз. Ал оның екінші бір отбасыға қайғы қасірет әкелерін ұғынбайтындығы өкінішті. Тәртіп сақшыларары соңғы әлетте есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп келеді. Болашақ жас өскіндердің өміріне балта шабатын аса ауыр қылмыстың алдын алу жұмыстары оң нәтижесін беруде. Жуырда полицейлер тағы да бір есірткі қылмысының жолын кесті. Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сатуға, сақтауға, егіп өсіруге, қолдануға заңмен тыйым салынған есірткі қылмысының алдын алу, болдырмау мақсатында қарқынды түрде жұмыс жүргізіп келеді. Осындай кезекті тексеріс кезінде Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне 2 жергілікті тұрғынның есірткіні заңсыз сақтаумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат алысымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері есірткі қылмысына күдікті ретінде аталмыш жергілікті 2 тұрғынды анықтады. Жедел уәкілдер ұсталған ер адамның бірінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізді. Нәтижесінде оның көйлегінің төс қалтасынан және үйінің ауласындағы қапшық ішінде газетке оралған өсімдік тектес есірткіге ұқсас затты тауып алып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес алынған есірткі заттары жалпы салмағы 8 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. Ал екінші тұрғынның үйін тінту кезінде оның қорасынан қағазға оралған есірткіге ұқсас зат табылды. Тағайындалған сараптама қорытындысымен алынған зат 60 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайттар СДТБТ-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің ҚК 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша тіркелді. Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын тұрғындарға ұдайы ақпараттық ағарту жұмыстарын жүргізіп ескертіп отырады. Нәтижесі де жаман емес. Құқық қорғаушылардың қарқынды түрде жүргізген жұмыстарының арқасында соңғы әлетте есірткіге қатысты қылмыс саны едәуір азайып келеді.