5 маусымда Қазақстанның болашағын айқындайтын жалпыхалықтық дауыс беру арқылы тарихи шешімдер қабылданады. Ел тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір адам өз таңдауын жасап, осы науқанға атсалысуы керек. Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгеріс, Конституциялық сот құрылады. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың мүддесін қорғауға мүмкіндік туғызады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600 ден 200 ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты болып табылады. Азаматтар конституциялық реформаны жүзеге асыруға тікелей қатысып, болашақтағы жаңа Қазақстан үшін дауыс бере алады. Референдумға қатысу құқығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамайды. Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтары референдумға қатыса алады. Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге негіз бар. Айкозов Сейдулла Ибадуллаұлы Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Ақпараттық талдау орталығы»КММ директоры Қоғамдық штаб мүшесі