Бүгінде құқық қорғау саласында айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Тәртіп сақшылары өзгенің құқығын қорғап, жаза басқандарды дер кезінде қолға түсіріп ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Әсіресе ұрлық қылмыстарын ашуда алға ілгерілеушілік бар. Жуырда Түркістан облысына қарасты Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, алтын алқасын, болгарка, еттартқыш, массаждық матрасын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 850 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті екеудің мекенжайы анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицейлер күдіктінің бірін құрықтап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай күдікті екеу түнгі 01:30 шамасында, ешкім тұрмайтын үйге ұрлыққа түскен. Жас жігіттер терезені күшпен ашу арқылы үйге кіріп, алтын бұйымдар мен тұрмысқа қажетті заттарды ұрлаған. Оңай жолмен келген заттарды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, дүкендеріңізге, ғимараттарға бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Бұл өз кезегінде ұры-қарыдан құтқаруға өз көмегін көрсетеді.