Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша түнгі сағат 00:10 шамасында саябақта өзінің танысы ұрып-соғып, ұялы телефонын тартып алған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 120 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жергілікті тұрғын 1 тәулік ішінде ұсталды. Оны тәртіп сақшылары полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, екі жігіт қаладағы саябақтардың ішінде ішімдік ішкен. Содан соң күдікті жәбірленушіден ұялы телефонын сұрап, біреуге хабарласатынын айтқан. Сол сәтте екеуі сөзге келіп қалып, күдікті жәбірленушіні соққыға жыққан. Содан «Самсунг 50» маркалы ұялы телефонын ашық түрде тартып алып, жәбірленушіге дене жарақатын салған. Жас жігіттен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.