Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау, ұрлық қарлықпен күрес, қылмыстың алдын алудан бөлек білімдерін де жетілдіріп отырады. Жуырда Түркістан төріне тәжірибе алмасу бағытында Махан Есболатов атындағы Алматы академиясының білікті де білімді қызметкерлері келді. Мұндағы негізгі мақсат — Ішкі істер органдарын басқарудың тиімді жүйесін құру, полицияға қатысты негізгі міндеттерді жандандыру. Аталған маңызы зор дәріске Түркістан облысы ПД-ға қарасты қалалық, аудандық полиция басқарма мен бөлім басшылары қатысуда. Үш күнге созылатын сабақ барысында басшы құрамның біліктілігін арттыру бірінші орында тұр. Яғни ҚР ІІМ-нің «Мобильді Академия» пилоттық жобасы шеңберінде заманауи талаптарға сәйкес оқу бағдарламасы жүргізіледі. Алматыдан арнайы келген білікті мамандар қатарында М.Есболатов атындағы академия бастығының орынбасары Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, полиция полковнигі Ержан Бимолданов пен аталған академияның аға ғылыми қызметкері, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі Лейла Құлтемірова, сондай-ақ осы оқу орнының ІІО басшы құрамын даярлау факультетінің жоғары академиялық курсының әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Тұркенов бар. Бұл кәсіби шеберлігі мол қызметкерлер түркістандық қатысушыларды білім нәрімен сусындатып, бар оқып-түйгендерін жеткізді. Полиция мен халықтың бір-біріне барынша ашық болуы, басшы құрам мен жеке құрам арасындағы байланыс қалай болу керектігі айтылып, ақыл-кеңестер берілді. Өз кезегінде дәріске қатысушы тарап, білімдерін жетілдіруге ат салысып жатқан әріптестеріне алғыстарын жеткізді. Полицияның жұртқа жақын және заманауи техникаларды меңгеруіне бағыт беріп жатқаны үшін ризашылықтарын жеткізіп, өз ойларымен бөлісті, пікір алмасты. «Жаңа Қазақстан», «Сервистік полиция моделін құру» жолында мұндай келелі кездесулердің берер пайдасы зор. Себебі полицияның оң имиджін қалыптастыру, басшы құрамның қарапайым да әділ болуы, халықпен кері байланысты нығайту күн тәртібінен түспек емес.