Қорғаныс министрлігінде генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мәселелері қаралды. Оған Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Бас әскери прокуратураның және республиканың басқа да мүдделі министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты. Қорғаныс министрінің орынбасары Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін білім беру секторында жеңілдіктер, қосымша төлемдер және мерзімді әскери қызмет өткрген адамдар үшін басқа да артықшылықтар беруді көздейтін заңнамалық актілерге 30-дан астам түзетулер әзірленгенін атап өтті. Оның ішінде-мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының түлектеріне жоғары оқу орындарына түсу үшін квота беру де бар. Осы мақсат үшін бөлінетін грантты 3000-нан асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан өзге, түзетулерде бұрын мерзімді әскери қызмет өткерген жоғары оқу орнының түлектерін міндетті үш жылдық еңбектен босату көзделіп отыр. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған азаматтардың санын қысқарту және қызмет өткеруден жалтарған адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін шектеу де жоспарлануда. Кеңеске қатысқан Қаржы, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қорғаныс ведомствосы ұсынған түзетулерді талқылап, өз ұстанымдарын білдірді. Қорғаныс министрлігінде мерзімді әскери қызметті өткерудің беделін мен тартымдылығын арттыру бойынша қабылдайтын шараларды одан әрі талқылау мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын назарға ала отырып, белгіленген тәртіппен жалғаса береді.