Бүгінде мас халде көлік рульіне отырып, өзінің ғана емес өзгенің де өміріне қауіп төндіретіндердің қарасы аз емес. Бұл үшін қатаң жаза қолданылатынын білсе де нәпсісін тыя алмағандар құрыққа ілініп те жатыр. Тәртіп сақшылары жол қозғалысы кезінде орын алатын оқыс оқиғаларды болдырмас үшін рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Мұндай іс-шаралар нәтижесіз де емес. Осындай шара кезінде Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Сарыбұлақ ауылында қызмет атқару барысында, «Нексия» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның 2018 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзуышылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша жауапқа тартылып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары оның масаң халде екендігіне күмән келтіріп, сот медициналық куәландыруға жіберді. Нәтижесінде оның мас күйде екендігі анықталды. Полицейлер жүргізуші ер адамды полиция бөліміне жеткізіп, аталған жайтты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкагольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немсе көлік құралын осындай адамның басқаруына беру» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда жүргізуші қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Айналасына қауіп қатер төндіретіндей күйде бола тұра жолға шыққан жүргізушінің дер кезінде тәртіп сақшыларының құрығына іліккені дұрыс болды. Әйтпегенде басқа адамдарға ажал төндіруі әбден мүмкін еді.