Отандық өнім шығаратын кәсіп иелерін қолдау мен қорғау бүгінде күн тәртібінде тұр. Яғни, еліміздің экономикасын дамытуға тамшыдай да болса да үлес қосатын бизнес иелеріне барынша қолдау көрсету басты міндет болып табылады. Бүгінде құқық қорғау органдарына түсетін арыз, шағымдар да жоқ емес. Олардың талаптарын қанағаттандыру, назардан тыс қалдырмау да күн тәртібінде тұр. Жуырда Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Г.Егембердиева Түркістан облыстық прокуратурасы мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырған «Бизнесті қорғау және қолдау» форумына қатысты. Түркістан облысының прокуроры М.Әлиханов форумға қатысушыларды құттықтай отырып, оларға жемісті жұмыс тіледі. Форум жұмысына мәслихат депутаттары, құқық қорғау және фискалдық органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар бизнес мәселелерін, кемшіліктерді, арыз, шағымдарды талқылады. Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Т.Нахипбеков өз сөзінде бизнес-қоғамдастықтардан келіп түскен өтініштерін талдау негізінен жер қатынастары, салық салу, Мемлекеттік сатып алу, Ауыл шаруашылығы және субсидиялар алу саласындағы проблемалармен, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдармен байланысты екенін атап өтті. Палата жұмысының нәтижелері бойынша 12 млрд. теңгеден астам сомаға Бизнестің мүліктік құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді. Спикер Г.Егембердиева әкімшілік-процедуралық-процессуалдық кодекс жұмыс істеген жылы ішінде Бизнестің талаптары бойынша қаралған істердің статистикасы, Кодекстің маңызды новеллалары туралы хабардар етті, олардың ішінде жер қатынастары саласында ең көп талап-арыздар түсетінін, бұл ретте талап-арыздардың қанағаттандырылу пайызы өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскенін атап өтті. Г.Егембердиева, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы: «Біздің міндетіміз — бизнес пен инвесторлардың соттарға сенуі және сенімді болуы, бұл сенім соттардың жұмысындағы басты бағдар». Форум соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті тараптан толық жауаптарын ала алды. Форум нәтижелері бойынша бизнес-қоғамдастықты қолдау бойынша ұсыныстар әзірленді. Алдағы уақытта да бизнесті қолдау мәселесі бойынша арнайы форумдар ұйымдастырылатын болады.