Ұрпағының болашағын ойлаған әрбір азамат есірткіге қарсы қолдан келген барлық шараларды жасауы қажет. Жасауға тиісті де. Қазіргі кезде жастардың есірткінің құрбаны болуы алаңдаушылық туғызып отыр. Есірткінің зияны мен зардаптары туралы түрлі үгіт, насихат жұмыстары жүргізілсе де оны қолданушылар саны азаяр емес. Оны қолданушылар да, тасымалдаушылар да азаяр емес. Әдетте олардың барлығы да тиісті жазаларын алып жатады. Дәл осы қылмыс түріне заң талаптары қатаң екендігі оларға тосқауыл бола алмай отыр. Есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, имеденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны баршаға мәлім. Тәртіп сақшылары тұрғындарға есірткіні тасымалдау, сақтау қылмыс екенін ескертіп, ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни есірткімен күрес — олардың күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында жергілікті тұрғынның есірткі сақтайтынын анықтады. Полицейлер күдіктіні тінту кезінде оның шалбарының қалтасынан ақ қағазға оралған есірткіге ұқсас затты тапты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат «кептірілген марихуана» болып шықты. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.