Бүгінде үй ұрлығы өршіп тұр. Аталмыш қылмысқа қарсы құқық қорғаушылар ауқымды жұмыстар атқаруда. Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін түрлі шаралар өткізуде. Тұрғындарға үй-жайларға, жеке ғимараттар мен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтауға кеңес беріп отыр. Жуырда Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, шкаф ішінде тұрған 11 дана алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 1 500 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Ақпарат келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел іздестіру іс-шарасының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты. Анықталғандай күдікті қаражат қажеттілігіне байланысты осындай қадамға барған. Ер адам түнгі уақытта үйде ешкімнің болмағанын байқап, арам ойын іске асырған. Сезікті терезе арқылы үйге кіріп, алтын бұйымдарды жымқырып, жартысын белгісіз біреуге сатып, қалғанын ломбардқа өткізіп, ақшасын жаратып жіберген. Полицейлер ломбардқа өткізген алтынды айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.