Қылмыс туралы кинохроникалар бүгінгі жастарға соқырға таяқ ұстатқандай бәрін үйретіп олар. Олар қарақшылық шабуыл жасауға, ұрлық жасауға алдын ала қалай дайындалу қажеттігін беске біледі десек артық айтқандық емес. Дегенмен олар оңай олжаға батып қаламыз деп, артын ойламайтындары өкінішті. Ойынханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған жастар құрықталды. Олардың қылмыс жасау схемасы тура кино сценарийіне ұқсайды. Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ойынханалардың біріне жасалған қарақшылық шабуылды ізін суытпай ашты. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді: «07.07.2022 жылы таңғы сағат 04:58 шамасында, 102 пультіне облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласты. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған. Яғни бетперде киген, қолында қаруы бар екі ер адам кіріп, айтқан талаптарын орындамаса дене жарақатын саламыз деп қорқытқан. Одан ары жас жігіттер арам ойын іске асырып, ойынханадағы касса жәшігін бұзып, ішінен 350 000 теңге ақшаны алып, іздерін суытқан. Аталған деректі біз ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша тіркедік. Қылмысты ашып, кінәлілерді ұстау мақсатында бірден іске кірістік. Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобын құрдық. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, ықтимал куәлардан жауап алдық. Бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықтық. Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі тәулік ішінде күдікті ретінде облыс орталығының екі тұрғынын анықтап, ұстадық. Тергеу барысында жас жігіттер қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізді. Сонымен қатар, күдіктілердің бірі қолындағы тапаншаның ойыншық екенін, оны қала базарларының бірінен алдын-ала сатып алғанын айтты. Ал қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін ол қаруды дәретханаға тастаған. Ойыншық тапанша заттай дәлел ретінде тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда күдіктілер қамауда. Оқиғаның барлық мән — жайы анықталуда және қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде»- деп түйіндеді полиция полковнигі Қ.Сахов.