Бүгінде барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылғаны белгілі. Бұл қылмыстың дер кезінде ашылуына көп көмегін тигізеді. Бір қызығы бейнебақылаудың бар екенін біле тұра, ертеңгі күні қолға түсетінін білсе де қылмысқа баратындардың аз емес екендігі қынжылтады. Жуырда Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының бойындағы газ құю бекетінде жұмыс істейтін оны, таңғы сағат 04:30 шамасында өзіне таныс емес жас жігіт тонап кеткен. Яғни «Мерседес Бенц 124» маркалы көлік жүргізушісі газ құюға арналған 2 құрылғыны ашықтан-ашық тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайт ҚПР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды. Тонау қылмысы туралы хабар түсісімен орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Оған учаскелік полиция инспекторлары да іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Полицияға жеткізілген Түркістан қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады. Анықталғандай, жүргізуші газ құйдыруға келгенінде, жәбірленуші көліктің ақауы бар, күте тұрыңыз сәлден соң құятын боламын деп жеткізген. Алайда түсінбеушілікке бой алдырған жүргізуші құрылғының бір бөлігін тартып алып, кетіп қалған. Аталған қылмыс бейнебақылау камерасының арқасында ашылып отыр… Бұдан алдын Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, әрбір ойын-сауық мекемелеріне, азық-түлік дүкендері мен жанармай құю бекеттеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Кәсіпкерлерге қауіпсіздік үшін әлбетте бейнебақылау камераларын қоюға кеңес береді. Бұл өз кезегінде орын алған қылмыстың тез ашылуына көп көмегін тигізеді.