Көшені космос деп ойлап, құйғытатын жүргізушілер құрыққа ілігетін күн алыс емес. Өйткені «Қауіпсіз жол» шарасы басталды. Түркістан облысында көлік жүргізушілері арасында жол-көлік оқиғаларын төмендету және Жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында, «Қауіпсіз жол» айдарымен республика көлемінде жедел-профилактикалық шара өткізіліп жатыр. Аталмыш шара 19-шілде мен 18-тамыз аралығында өтеді. Шара 1 айға жоспарланған. Іс-шараға Көліктік бақылау және мемлекеттік кірістер органдары тартылған. Бір бірімен байланыстағы органдар бірлесе жұмыс атқармақ. Қалалық және облысаралық бағытта заңсыз тасымалдаудың жолын кесу жұмыстары жүргізіледі. Яғни бейберекет әрі заңсыз автовокзалдар, ондағы жолаушыларды жинау орындары, жүк тасымалдау қауіпсіздігі тексерілмек. Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзушыларды анықтау бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылады. Әсіресе мас халде көлік тізгіндегендер, жылдамдық режимін бұзғандар, басып озып, қарсы қозғалыс жолағына шыққандар, маневр жасау ережелерін бұзғандар, жаяу жүргіншілерге басымдық бермегендермен, басқа да жол ережесін бұзушылар жіті қадағаланады. Тәртіп сақшылары «Қорғау» бағдарламасы, «Автоураган» мобильді кешені арқылы да заңсыздықтарды анықтамақ. Тек арнайы рейд кезінде ғана емес, күнделікті жол ережесін сақтау қауіп қатердің алдын алады.