Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімдігінде аудан прокуроры Дәулет Тілемисовтың заңсыз жер учаскелерін иемденген азаматтарға қатысты ауыл округтерінің әкімдерінің заңға қайшы келетін шараларды жүргізулеріне байланысты, заңдылықты бұзушылықты жою мақсатында берген ұсынысы қаралды. Мәжілісті аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліс барысында аудан прокуроры 2021 және 2022 жыл басынан бастап меншік құқығын тану туралы талап арыздары бойынша шығарылған сот актілеріне жүргізілген талдау жұмыстарының барысын таныстырды. Талдау нәтижесіне сәйкес, ауылдық округ әкімдерімен заңсыз жер учаскесін басып алып, құрылыс жүргізген азаматтарға заң талаптарына сәйкес шара қолданбай, заңдылықты бұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Айта кетелік, жер телімін алуға аудан бойынша кезекте 20 132 адам болғанымен, соңғы бес жылда жер телімдері берілмеген. Өз кезегінде, соңғы жылдары аудан аумағында жерді заңсыз басып алып, сот арқылы меншік құқығын тану арқылы заңдастыру тәжірибесі орын алуда. Келесі кезекте ауылдық округтерінің әкімдеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарынан түсіндірілді. Азаматтық кодекстің 244-бабы 2-тармағына сәйкес, Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс. Заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жазалар қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде босатуға және өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі немесе өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті. Дәулет Бекбашұлы мәжіліске қатысушыларға төмендегі ұсыныстарды назарға салды: — Ауылдық округтерінің әкімдерінен өз аумақтарында үнемі мемлекеттік жер учаскелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп отыруды, мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз басып алған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 136-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту және Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес заңсыз басып алған жерді босатуға шараларын қолдану қажет; — тұрғындарға заңсыз басып алынған жер учаскесіне құрылыс жүргізу әкімшілік жауапкершілікке және құрылыстарды мәжбүрлеп бұздыруға әкеп соғатыны туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Мәжіліске қатысушылармен ауылдық округтеріндегі орын алған заңсыз құрылыстар мәселесі талқыланды. Аудан әкімі аудан әкімі аппаратының заң бөлімшесі, аудандық жер қатынастары бөлімі және ауылдық округтерінің әкімшіліктері жоғарыдағы көрсетілген кемшіліктерді ретке келтіруді, заң талаптарын қатаң сақтай отырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.